СУ БАСУДАН ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ
Жаңбыр және еріген қар суларының жиналуын және ағып кетуін қамтамасыз ететін нөсер кәріз жүйелері қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Жаңбыр қабылдағыштар, сондай-ақ тарату құдықтары, нөсер кәріз жүйесінің басты элементтерінің бірі болып саналады. Олар арқылы жаңбыр және еріген қар сулары жиналып, қауіпсіз ағызу шұңқырына немесе учаске шекарасынан тыс аймақтарға жіберіледі. Елордамыздағы нөсер суларының көп мөлшерде жиналған учаскелерінде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК жөндеу-құрылыс учаскесінің қызметкерлері тынымсыз еңбек етуде. Кәсіпорын тарапынан жасалған кешенді жұмыстар нәтижесінде нөсер суларының көп мөлшерде жиналу жолдары, көлік жолдары мен аяқ жолдар қалыпты жағдайға келтірілді. Сондай-ақ, Баян Сұлу көшесіндегі проблемалық учаскеде нөсер кәрізіне қосымша жаңбыр қабылдағыш құбырларын магистральді құбырға қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл өз кезегінде жаңбыр суларының тиімді ағуын қамтамасыз етіп, көшені су басудан қорғауға көмектеседі.