Су басу: табиғи апат па, әлде климаттық қатер ме?

Соңғы күндері Ресей Федерациясы мен Оңтүстік Кореяда толассыз жауған жаңбыр ірі қалалардың тіршілігін біраз уақытқа тоқтатты. Көшелерді су басты, көлік қозғалысы шектелді, ал жаяу жүргіншілер мен тұрғын үйлерге едәуір қолайсыздық туды.
Тәжірибелі мамандар бұл жағдайды соңғы ғасырдағы ең ірі табиғи апаттардың бірі деп бағалап отыр. Себебі кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері жылдық нормадан бірнеше есе артық түскен.
Бұған дейін де ұқсас жағдайлар инженерлік инфрақұрылымы мықты саналатын Біріккен Араб Әмірліктерінде, Араб түбегінің өзге елдерінде және Испанияда тіркелген болатын. Мұндай кезде нөсерлі кәріз жүйелерінің қуаттылығы мен тиімділігі үлкен сынаққа ұшырайтыны белгілі. Дегенмен жауын-шашын шамадан тыс мөлшерде түскен жағдайда ешбір жүйе 100% кепілдік бере алмайды, себебі бұл желілер орташа климаттық нормаларға негізделіп жобаланады.
🔍 Неліктен нөсерлі кәріз жүйесі кейде суды өткізе алмай қалады?
1. Жаңбырдың шамадан тыс көп мөлшерде түсуі шұғыл жауған жауын бір сағатта 50–70 мм-ге дейін жеткен жағдайда нөсерлі кәріз жүйесі мұндай көлемді көтере алмайды.
2. Құбыр диаметрінің тарлығы және ескірген инфрақұрылым – су өткізу қабілетін күрт төмендетеді.
3. Қаланың тығыз салынуы – табиғи сіңіру аймақтарының азаюы нәтижесінде барлық су асфальт, бетон жабындармен ағып, тікелей кәріз жүйесіне түседі.
4. Инженерлік жобалаудағы кемшіліктер – су ағымының бағыты, еңістік бұрышы дұрыс есептелмесе немесе құбырлар орталық коллекторға жалғанбай, тұйық орналасса, ағын тоқтап қалады.
5. Нөсерлі кәрізге заңсыз қосылулар – жерасты сулары, тұрмыстық немесе құрылыс қалдықтары коллекторларды толтырып, жүйенің өткізгіштігін күрт төмендетеді.
📍 Астана қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?
Ауа райының құбылмалы сипатын ескере отырып, Астана қаласында нөсерлі кәріз жүйелерін күтіп ұстау және алдын алу шаралары күшейтілген тәртіппен жүргізілуде.
Қазіргі таңда «Elorda Eco System» кәсіпорны тәулік бойы – 24/7 режимінде жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда:
• Коллекторлар мен арық жүйелері «Крот», «Volvo», «Camel» сынды арнайы техникалардың көмегімен тазартылуда;
• Нөсер қабылдағыштар күнделікті тексеріліп, тазалығы бақылауда ұсталады;
• Сорғы станцияларындағы қабылдау камералары үнемі тазартылады;
• Тазарту нысандарындағы су деңгейі тұрақты негізде бақыланады.
Қажет болған жағдайда жекелеген учаскелерде қосымша жедел тазалау және су өткізу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары бірнеше мәрте қайталанып жүргізіледі.
Бұл жүйелі шаралардың барлығы – қала тұрғындарының жайлылығы үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыстар.
Кәсіпорынның заңды мекенжайы:
Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Жетіген көшесі, №24
+7 (7172) 918-453 - Қабылдау бөлмесі
+7 (7172) 918-819 - Орталық диспетчерлік қызметі
elordaecosystem@mail.ru
Біздің әлеуметтік желілер