ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: САЯСИ ЖҮЙЕНІҢ ТЕРЕҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК ғимаратында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Жиынға Астана қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттың құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Владислав Сергеев қатысты. Ол қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша Конституцияның 77 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Жаңартылған Конституция жобасы жаңа құрылымда әзірленіп, Преамбуладан және 95 баптан тұратын 11 бөлімді қамтиды. Аталған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашуға бағытталған.
«Elorda Eco System» кәсіпорнының ұжымы елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды әрдайым қолдайды және мемлекет дамуына бағытталған бастамаларды іске асыруға өз үлесін қосып келеді. Кездесу барысында жұмыскерлер тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар айтылып, тиісті түсіндірмелер берілді.
Жиыннан кейін Владислав Алексеевич кәсіпорынның өндірістік базасын аралап көрді. Ол кәсіпорын жұмысымен танысып, өндіріс көлемін ұлғайту және тиімділікті арттыру бойынша ұсыныстарды алдағы уақытта мәслихат сессиясында көтеретінін жеткізді.






