Баспасөз орталығы

НӨСЕР КӘРІЗІНДЕГІ КҮНДЕЛІКТІ ЕҢБЕК

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК бас қаламыздағы су бұру жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Кәсіпорын мамандары «Есіл» ауданы Сығанақ көшесіндегі М-3 көпірінің маңындағы нөсерлі кәріз коллекторын «Camel» канал жуу техникасының көмегімен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бақылау және нөсерқабылдағыш құдықтарды тазарту, нөсерлі кәріз коллекторын жуу жұмыстары кәсіпорын тарапынан күнделікті жүйелі әрі үздіксіз жүргізіледі. Мұндай іс-шаралар жауын кезінде көше бойына және көпір аумағында су жиналуын болдырмау, коллекторлардың су өткізу қабілетін арттыруға бағытталған маңызды шара. #elordaecosystem #astana #жұмысшымамандықтаржылы #нөсеркәрізі #ливневка

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСУДА

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК мамандары қаламыздың инженерлік инфрақұрылымының үздіксіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Есіл» ауданындағы II-7 тазарту құрылғысында жоспарлы жұмыстар жүргізді. ✅ Қуаты 30 кВт болатын “Flyght” маркалы сорғы қондырғысына диагностика мен түгендеу жұмыстары жасалды. ✅ Тазарту құрылғысының сыртқы қорғанын қоршау және операторларға қолайлы жағдай жасау үшін абаттандыру жұмыстары атқарылды. Бүгінде кәсіпорын мамандары тәулік бойы сорғы станцияларын тексеріп, тазарту құрылғыларына қызмет көрсетуді жалғастыруда. Нысандар штаттық режимде жұмыс істейді, ал карталардағы су деңгейі тұрақты бақылауда.

ЖЫЛ БАСЫНАН АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР

«Elorda Eco System» кәсіпорны су бұру жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. ✅ Кәсіпорын тарапынан жыл басынан бері атқарылған негізгі жұмыстар: 🔹 11 700 дана су ағызу және нөсер суын қабылдайтын құбыр тазартылды; 🔹 184 183 метр құбыр жуылып, тазартылды; 🔹 1112 дана қорғаныш торлары орнатылып, ауыстырылды; 🔹 4492 метр нөсер коллекторы жүк тартқыш (лебедка) тәсілімен тазартылды; 🔹 Кәсіпорын теңгеріміндегі нысандардан 5299 тонна лай мен қоқыс шығарылды; 🔹 Жалпы көлемі 994 245 м³ нөсер және сарқынды су тартылып шығарылды; 🔹 Жалпы ұзындығы 44 125 метр желілер телеинспекция көлігімен тексерілді. Кәсіпорын алдағы уақытта да су бұру инфрақұрылымының тиімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады.

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Астана қаласы әкімдігінің «ELORDA Eco System» ШЖҚ МКК ұжымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл шаралардың басты мақсаты – жұмыскерлер арасында заң талаптарын қатаң сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру, адалдық пен әділдік мәдениетін қалыптастыру. Әрбір жұмыскер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заңды бұзбаған жағдайда ғана кәсіпорынның тұрақтылығы мен беделі артады. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – әрбір қызметкердің міндеті. Заңға бағыну – жеке қауіпсіздіктің және кәсіби абыройдың кепіл. Біздің ортақ мақсатымыз – ашықтық пен әділдікке негізделген жұмыс ортасын қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек жеке адамның ғана емес, барша ұжымның жауапкершілігі екенін ұмытпайық.

ЕҢБЕК ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ!

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмыскерлері марапатталды. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек пен Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықовтың атынан кәсіпорынның бірқатар жұмыскерлері еңбектегі табыстары үшін құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапат – кәсіпорын қызметкерлерінің бас қаланың инженерлік жүйелерінің ахуалын жақсартуға, нөсерлік-кәріз жүйесін үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қосқан үлестерінің жоғары бағалануы. Марапатқа ие болған әріптестерімізді құттықтаймыз! Еңбектеріңіз жана берсін!

1 қыркүйек – Білім күні құтты болсын!

Астана қаласы әкімдігінің “Elorda Eco System” ШЖҚ МКК ұжымы барша ұстаздар қауымын, оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтайды! Бұл күн – білімге ұмтылған жастарға шабыт, ұстаздарға сенім, ата-аналарға үміт сыйлайтын ерекше мереке. Жаңа оқу жылы табысты болсын! Ізгі ниетпен, Астана қаласы әкімдігінің “Elorda Eco System” ШЖҚ МКК ұжымы

Конституция күні құтты болсын!

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ұжымы барша қазақстандықтарды ең қастерлі мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен және оның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды! Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Ата Заңымыз – мемлекетіміздің мызғымас іргетасы, елдігіміздің айқын айнасы. Конституция тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының кепілі болып, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғап келеді. Біздің ортақ міндетіміз – осы құндылықтарды сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Мереке құтты болсын! 🇰🇿 Ізгі ниетпен, Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК ұжымы

“Мектепке жол” акциясы

Астана қаласы әкімдігінің “Elorda Eco System” ШЖҚ МКК жергілікті кәсіподақ ұйымы дәстүрге айналған “Мектепке жол” акциясы аясында кәсіпорын қызметкерлерінің 1-сынып табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлады. Бұл шара барысында шамамен 60-қа жуық балдырғанның ата-анасына мектепке қажетті оқу-құралдары мен сапалы сөмкелер табысталды. Игі бастаманың басты мақсаты – жас ұрпақтың алғашқы білім қадамына қолдау көрсету, сондай-ақ ата-аналармен қуанышты сәтті бірге бөлісу. Ұжымдық қолдаудың арқасында кішкентай оқушыларымыз жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастайды деп сенеміз. Барша шәкірттерге табысты оқу жылын, білімге бастар жолдарының ашық болуын тілейміз!

Конституция - құқықтық мемлекеттің негізі

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы – құқықтық мемлекеттің негізі» тақырыбында мерекелік жиын өтті. Бұл шараның басты мақсаты – Конституциямыздың қоғамдағы рөлін айшықтау, құқықтық мемлекет қағидаттарын дәріптеу, құқықтық мәдениетті арттыру. Жиынға Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы прокуратурасының қызметкерлері Өсерхан Мұхтар, Әлімбаев Әлішер және Тұрғанбеков Бейбарыс арнайы шақырылып, еліміздің негізгі заңының мәні мен маңызы жайында мазмұнды баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Конституция – мемлекетіміздің тұғырлы құжаты, әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығының кепілі.

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ

«Elorda Eco System» ұжымы мерейлі жасқа толған ардақты әріптестерін құттықтады! Кәсіпорын жұмыскерлері Мысатаев Гани Кулмуратович, Жанабаев Айбар Калиевич, Әбілқасым Шалқар мерейлі 50 жасқа толса, Қасымов Валихан Темирханович 60 жасқа толып отыр. Сондай-ақ, Аубакиров Марат Анасович пен Хасенов Акылбек Казкенович зейнеткерлікке абыроймен жетіп, өз саласындағы қажырлы еңбектерімен ұжымның зор құрметіне бөленді. Өз ісіне адал, табанды, тәжірибелі мамандарға «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен алғыс хаттар табысталды. Марапатты бас директордың міндетін атқарушы Сайлаубек Махметов пен бас директордың орынбасары Әмірхан Жагипаров, жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Рахимжанова салтанатты түрде табыс етті. Мерейлі жас иегерлеріне Кәсіпорын Жергілікті кәсіподақ ұйымы тарапынан 15 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылды. Осындай жанашыр, кәсібіне берілген, білікті мамандар – біздің ұжымның алтын қоры мен баға жетпес байлығы! Құрметті әріптестер, сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақыт тілейміз!

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕ БАСТЫ НАЗАРДА

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК тазарту құрылғыларында тазартылған сарқынды сулардан сынамалар алынды. Сынама алу жұмыстары келісімшарт негізінде “GIO TRADE” ЖШС зертханасы арқылы жүзеге асырылуда. Судың сапасына бақылау әр тоқсан сайын тұрақты түрде жүргізіледі. Барлық сынамалар қолданыстағы санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес сараптамадан өтеді. Басты мақсат – тазартылған сулардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ – АДАЛДЫҚ ПЕН АШЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК жұмыскерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау және Этикалық кодекс нормаларын түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шара өткізілді. Іс-шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің комплаенс-офицер Р.М. Кульмаганбетов, кәсіпорынның құжаттамалық қамтамасыз ету және қоғаммен байланыс бөлімі мен ақпараттық технологиялар және жүйелерді автоматтандыру қызметінің басшылары мен мамандары қатысты. Жиын барысында Кәсіпорын бөлімдеріндегі қызметіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды болдырмау жолдары түсіндірілді. Қойылған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасулар болды. Бұл шара жұмыскерлердің адалдық мәдениетін арттыруға, кәсіпорын ішінде ашықтықты нығайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталды. Іс-шара қорытындысы бойынша тиісті бөлімдердің басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға ұсыныс берілді. Әрбір жұмыскердің жауапкершілігі – әділдік пен адалдық қағидаттарын қатаң сақтау!